Тілімді тістеп мен тұрдым777
Тілімді тістеп мен тұрдым,
Көмейге кесек тығылдың.
Өзегін өртеп өлтірдің,
Кеудені қысты сығыр мұң.
Қарысты жағым ашылмай,
Сіресіп бұлшық еттері.
Шаттықтан шашу шашылмай,
Қолқаны қайғы кептеді.
Шама жоқ айқайлауға да,
Тұрған соң дауыс қарлығып.
Дауаламайсың дауға да,
Шешеннің сөзі шалдығып.
Қыстығып намыс іштегі,
Сыздайды бітеу жарадай.
Тілімді тісім тістеді,
былдырлап сақау баладай.
Тастасам шайнап тілімді,
Түсінер немді ұрпағым?!
Өзегін құрт жеп ділімді
кім білген мәңгүрт құртарын?!
“Ақырып теңдік сұрайтын”
алдымда тұрған қасым жоқ.
Жарқ етіп жерге құлайтын
кетер ем күйіп жасын боп.
Қойғандай жұтып тілімді,
Көмейге үнім кептелген...
Сезбейді-ау өлі, тірімді
көрпесі қалың көп пендем?!
Жібітіп жақты қарысқан,
Шығарып тілді алайын.
Атылған Айға арыстан
сыяқты,
мерт боп қалайын!..
Мейлі...