03.06.2022
  123


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жасаған

Жасаған,
арызданып отырғам жоқ,
жалыққан сыяқтымын топырдан көп?!
Дүние дауға толы,
Жауға толы,
Қасысаң жарқылдайды қотырдан да от.
Көрген жоқ ер-тоқымым бүтінделіп,
(Ақылды ұрпақтарың құтылды өліп).
Санасы сары су боп,
мен сыяқты
қалғандар қақталады түтінделіп.
Рухты ұлағатқа ұластырмай,
Қиямет қиясына құлашты ұрмай,
Қайнаймын күйкіліктің қазанында,
Адымды қыл тұсамыс тұр аштырмай.
Қайтемін тазалығын періштенің,
Тірлікте толағайдай терістерім.
Белбеуін босатпайды бостандықтың,
Жүректе жұмарланған беріштерім,
Құдайға...
адамға да өкпелімін,
Жасаған, жамандық көп,
Жоқ керімім...
Дырдай ғып дүниенің дәнемесін,
Жұмағын дәметпеймін Көк төрінің.
Осылай жараттың ба,
жаратылдым!..
Қаймағын қоюлатып қара тілдің,
Жасаған,
жалғаныңмен жағаласып,
арды аттап,
арамыңа ара тұрдым.
Айналып кеткен кезде сезім күлге,
мыс – алтын,
көмір – күміс,
бөзің – бүлде...
Жентектеп Жер-жаһанды жеміргенге
жетпейді, жасағаным, сөзің мүлде.
Адам боп Құдай сөзін ұнатпаған
пендеңмін,
мұз үстіне тұрақтаған...
Табаным тіреу таппай тайғанақтап,
Құзына қияметтің құлап барам!..





Пікір жазу