03.06.2022
  117


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Іздер ме екен?..

Іздер ме екен?..
Іздейді ғой мені ертең,
Ізім – ізгі,
Ізеттенер көлеңкем.
Түркіліктің тұқым тартсам тегінен,
Құшағына қауыштырар кең Өлкем.
Бауырыңа жабысып кеп кенедей,
Ақ сүтіңді қақтап емдім телегей.
“Қарыз алып,
парызыңды төлемей,
ұлым қайда ғайып болдың?”- демегей.
Қарызыңа батып қалдым белшеден,
Жүрегімде қатып қалды шер-шемен.
Етек-жеңді жинастырып жатырмын,
Уақытты зая өткізіп өлшеген.
Ізеттен із,
Иба қалса иманнан,
Инабатты уағызға иланғам.
Таңбалы тас тауқыметін түсініп,
Қасіреттің қақпанында қиналғам.
Бодауында бұлқынған көк бөрідей,
Құтыла алмай тірідей,
не өлідей...
Алаштардың адастырған арманын
мына дүние мұң мен шердің көрі ме, ей?!
Қашан,
Қалай ұялады бұл қайғы?
(Барымталап қуанышты ұрлайды).
Заман қашып,
Ғаламдасып барады,
маған,
саған,
оған мойын бұрмайды.
Адырнаны ақырғы рет тартайын,
Кегі қайтқан ашу болып тарқайын...
Түркіліктің тұқым тартқан тегінен
шежіренің шертер шегін – Алтайым!..





Пікір жазу