Түркістан - текті қалам…
Ассалаумағалейкум, Түркістаным,
Көзіңнен көріп тұрмын күлкі ұшқанын.
Мұнараң мұнарларды жарып шықты,
Қопарып ғасырлардың қыртыстарын.
Армысың, түрік жұрты - Түркістаным,
Қазақтың жайлап жатқан бір пұшпағын.
Жаңғырған заманалар көмейінен
Төгіліп жатыр бүгін мұң құсталы үн.
Не көрдің дүниеде не көрмедің,
Жырау боп жүректен жыр төгер ме едің?!
Мүшелтой мерекелі мерейімен,
байқатар көсегесі көгергенін.
Куәсi сыр айтады ғасырлардың,
Жұмбағы шешілгендей жасырғанның.
Арманы аспанында айналады,
Қойныңда қоныс тапқан асылдардың.
Түркістан, Ясы, Сайрам, Отырарым,
Түріктей текті туған топырағым!
Тастағы таңба менен Иассауидің
«Хикмет» құзырына отығамын.
Түркістан - текті қалам жиектегі,
Талайлар тағдырыңды иектеді.
Қазақтың көгіндегі жұлдыздардың,
осында жатыр асыл сүйектері.
Түркістан - түтіні өшпес түрік тегім,
Қатпарлы маңдайының үгіп терін.
Қойнында уақыттың қалып қоймай,
Үрлеген шырағдандай үміттерін.
Тұранның кіндігі сен - Түркістаным,
Өткіздің дәуірлердің мың қыспағын…
Желбіреп көк байрағың күн астында,
Әлемге тарап жатыр нұр құшқан үн!
Түркінің тарихы деу бұл қаланы,
жарасар,
әйтпесе өмір тұл қалады.
Жаңарған жаса менің Түркістаным,
Жүрегің жас баладай нұрланады.