03.06.2022
128
Өмірдің өзін өлең деп
Өмірдің өзін өлең деп
қабылдаған бір Ақын,
ессіз елтіп елеңдеп,
іздеп өтті мұратын.
Өмірдің өзін думан деп
ұғынатын бір ақын,
Арғымақ-арман қуған боп,
шалдықтырды жыр-атын.
Өмірдің бәрін сауық деп
түсінетін бір ақын,
ер-тоқымы ауып кеп,
жығылып, қайта тұратын.
Өңі мен түсін айырмай,
арасын шарлап жер-көктің,
арда емген қулық тайындай,
кетпеді иісі жөргектің.
Пәниді жалғап бақиға
тұлғасын тұтас сомдады.
Сау басына сақина
тілегенді қолдады...
Жеп-жеңіл жүріп, өмірден
жеп-жеңіл ғана кетті өтіп...
Өрімдей өлең өрілген
Көңілімді жүр көктетіп.
Кім екен мынау өмірді
қымбатқа жүрген бағалап?!
Көктетпей тұрса көңілді,
Тірлікті қайтем тағалап?!