03.06.2022
135
Қайран ауыл!..
Қайран ауыл!..
Балалықтың
елестетіп күндерін,
Сағынышты
шала шоқтай үрледің.
Аңсап келдім
көрем бе деп дүбірлі
сәбиліктің
дүлдүлдейін дүрмегін?!
Шуылдақтың
шуылдатып құлағын,
Кешіп өтіп
Жыландының бұлағын,
Көзімде жас,
көңілде көл қуаныш,
Беріктастың
құшағына құладым.
Соңғы кезде,
неге екенін білмеймін?..
Елді ойласам,
бұзылған бір нілдеймін,
Жусаныңды
төсесем де жамбасқа,
Баяғыдай
балағымды түрмеймін.
Бірақ-тағы
Сағынышым басылмай,
Көкіректің
Сарайы кең ашылмай,
Менің жаным
Жусамайды жылқыдай,
Ата-баба
аруағына бас ұрмай.
сағыныш та
жай табады салқындап,
Ауылың да
көрінеді алтын бақ!..
Айыртаудың
бұлт оралып басына,
Найзағайы
ойнап кетеді жарқылдап.