Таусылып төзім -тағатым
Таусылып төзім-тағатым,
Төгілейін деп тұрмын мен.
Ертістей еркін ағатын
Арманның атын кім мінген?
Сағынышымның сағаты
Кірпікке тамшы ілдірген.
Мұнарға мұңды малшылап,
Кептірдім күннің нұрымен.
Қияда қалған қансырап,
Ұядан ұшқан ұлың ем.
Сағынышымды қамшылап,
Жырлайын жүрек жырымен.
Жетер де жібек желменен,
өзегі толған өлеңім.
Махаббатыңа шөлдеген
Махаббатыммен өлемін...
Алаңсыз кірем көреге мен,
Ұмытпасыңа сенемін!
Мұңайсам тіреп маңдайды,
Өзіңмен, ауыл, тілдестім.
Үрлемей отым жанбайды,
Үмітімменен үндестім.
Шабытым шолып шалғайды
Күл шашып өзім күн кештім.
Ызыңы сары масаңның,
Қызығы қара балаңның.
Мәңгіртіп кетсе масаң күн,
Сауығу үшін барармын.
Сырымды саған ашармын,
Ән-күймен күптеп алаң күн.
Тоқтадым тасып, төгіліп,
Қобыздың шерлі күйіне.
Боранбай таудан бөрі ұлып,
Бусанып тұрды дүние...
Жұлдыздай жымып көп үміт
Қоналқа қонды үйіне.
Өмірдің берер сыйы не???