Қалбаның қойнында Ертіс гүрілдейді...
Қалбаның қойнында Ертіс гүрілдейді,
Айдында ай сәулесі дірілдейді..
Терең сай қолат-қойнау қорымдағы
Зираттан аруақтар күбірлейді...
Жеңіс пен жеңілістің жолындағы
тұлпарлар тұяқтары дүбірлейді.
Қалбатау ғасырларда не көрмеген,
Найманның шежіресін шегендеген?!
Қалмаққа,
қазаққа да қоныс болып,
тарихты құлыншақтай көгендеген.
Тағдырлар тарыдайын шашылғанда
ұрықтан ұрпақ дәні өнер деген...
Қалбаны құрбан болған қимағандар,
Ата жұрт үшін жанын қинағандар.
Бауырын бүтіндеген Кетбұғаның
қобызы, аралардай жинаған бал...
Сөгіліп тас тағдырдың тігістері,
Бұлқынып босап кеткен бұйдадан нар.
Жер үсті,
аспан асты араласып,
Астасып айырғысыз ара қашық ,
Қалбаның тал-терегі тебіренген,
Ту ұстар туыс таппай қара басып.
Ғасырлар қойнауынан ақтарылған
құпия-сыр сандығын барады ашып.