03.06.2022
  135


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

«Сарбастау» туралы баллада

І
Баяғыда…сұраса егер менен,
Сылдыратын сырымды төгер ме өлең?!
Беріктастың баурында бір бастау бар,
Тастан өріп,
Тақтаймен шегендеген.
Жас құрағы жайқалған – үкі бауыр,
Тас бастаудан су ішкен бүкіл ауыл.
Көзін ашып,
Арнасын кеңейтетін,
Көпшілікке болған жоқ күтімі ауыр.
Өзен, көлін бұл қазақ құтым деген,
«Құдығына су ішкен түкірмеген».
Сарбастауды Сауқат пен Есенгелді,
Сылап-сыйпап, жыртығын бүтіндеген.
Тасты жарып шығатын тас бұлағым,
Жағасында түбіттей жас құрағын
Жайқалтады,
Шүмектен ағып шығып,
Төгіледі төменге тасқын ағын.
Көлшік жасап төменге шеңберлеген,
(Хан сарайдың хауызы мен көрмеген)
төрт түлік мал сусындап суатынан,
Баянайдың сайымен өрге өрлеген.
Суы қандай,
Тісіңнен өтетұғын,
Сарайыңды ашып кеп кететұғын!…
Қыстың күні қаптатып қызыл суын,
Қойтастың да қойнына жететұғын.
Құрымайтын,
Тас бастау тасымайтын,
Моншағынан ақ сәуле шашырайтын.
Таңдайыма татыған тәтті бұлақ
Екі ауылды суымен асырайтын.
Беріктастың орнаған бөктеріне,
Мен оқыған бар еді мектебі де…
Тозған ауыл…
Тозығы жеткен бастау,
Ертегідей қарайды өткеніне.
ІІ
Шүмексіз су қазір де төгілледі,
Етекке де жете алмай егіледі.
Жетімсіреп қалыпты жетпіс жылда,
Кеткенен соң тарылып төңірегі.
Апыл-тапыл жүргенге құлап-тұрып,
Жас тәнімді жуыпты бұлақ күліп.
Мұздай суы маңдайдан өтеді әлі,
Көңіліңді көншітіп гүл аттырып.
Көмейінде бір өксік байқалады,
Қалай ғана мұң-зарын айта алады.
Бал татыған суыңа сусындағам,
Қалай ұлың қарызын қайтарады?
Тақтайынның тамтұғын ұматып тым,
Тастарыңды кетті екен құлатып кім?
Өмір қалса иесіз осы екен ғой,
Амал бар ма сынына уақыттың?!
Бір кезде жел есетін айдарынан,
Мөлдіреп су шығатын қайнарынан,
Сары қымыздай сарбастау сапырылған,
Алтын арай таратып аймағынан.
Іздеп келдім,
Сағынып сарбастауды,
(Үзілмеген үмітім алмас баулы).
Бедірейіп Беріктас үндемейді,
Басып жатқан сыяқты «албасты аулы».
Мұздай суға мейірді қанып іштім,
Салқындатып сусынын сағыныштың.
Жібергендей сығымдап жүрегімді,
Көрген кезде бастаудың халі мүскін.
ІІІ
Жатыр бұлақ жылғада жыламсырап,
Бітіп қалған көмейін кім аршымақ?!
Саусағымды салдым кеп сірі құмға,
Қасіретке қалайша тұрам шыдап!?
Саусағымның сөгілді көбелері,
Қатқан құмның тесілмей төбелері.
Ескі құдық бетінің балдырына
Ұшып-қонып жүр шіркей, көбелегі.
Маңдайымның моншақтап тамшылары,
Сарбастаудың суына малшыландым.
«Бұлақ көрсең көзін аш» деген қазақ,
Қайнарымның көмейін аршып алдым.
Алтын күннен аспанда нұр алғандай,
Жарқырады-ай жанары шырағдандай.
Көмекейі бүлкілдеп сөйлеп кетті,
Сәбидейін шаттанып қуанғандай!
Тындырғандай тың жұмыс керемет бір,
Өрекпіген көңілім өрелеп тұр.
Ала бөтен аспаннан құйылғандай,
Сергітеді сезімді себелеп нұр.
Көзі ашылды бұлақтың шел, шеменнен,
Былдырлайды баладай емшек емген.
Сарқырады сарбастау,
Қуандым мен,
Көтеріліп кеудесі еңсе керген.
Тау қопарып,
Тас қашап тастағандай,
Тамшылатты күміс тер қасқа маңдай.
Тамырымда бұла күш бұлқынады,
Жанартаудан жарылыс басталардай.





Пікір жазу