03.06.2022
109
Тамырдағы қаным менің
Тамырдағы қаным менің
Қаны шығар Бөрінің?!
Ұлығанда ұласады
Ұлытауға өр үнім.
Домбауылдың даласында
Домалаған қаңбақ та
Текеметін аңсайды екен
Төрінің...
«Жақсы ит те
Таусылғанда талқаны
Көрсетпейді өлігін».
Ойламайды о дүиеге
Аттанарда Серігің,
Тар бола ма,
Кең бола ма,
Жататұғын көрінің!..
Ойлайтыны– болашағы
Елі менен жерінің.
Тілі де жоқ,
Құлағы мен көзі жоқ,
Көктемеде көкке аузы
Тимей жүрген төлінің...
Жемдегеннің қолын сүйіп,
Можарлыққа мойынсынып,
Жолбикесі болып кетті
Дию менен перінің.
Тамырдағы қаным менің,
Жүректегі жаным менің
Түркіліктің төркінінен
Алыстаған «Көрұлың»...