03.06.2022
  183


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Болашаққа жетер...

Болашаққа жетер,
Жетпес дауысым?!
Бас қатырман пәуасыз дау үшін.
Тапсырмасын төрт сағатта тындырар,
Өмір деген – зауыттағы ауысым.
Болашақ та ойдан туған шартты ұғым,
(Болжанбайды алғы және арт бүгін).
Топырақтай томарылған тірліктің
Май шығардай майыстырып тарт түгін.
Болашақ та болжанбайды, бұлыңғыр,
Тұла бойды тітіндіріп тұр ұңгір.
Арманың да алдарқатқан бірдеме,
Шындығың да шырқыраған құлын бір.
Дауыстаймын «болашақ» деп несіне,
(Салмақ салып қайтем ұрпақ есіне?!)
Туа жалғыз,
Мына жалғыз жалғанда
Ұмытылмайды ертесіне, кешіне…
Неменеге айқайлаймын ендеше,
«Бүгін» барып болашаққа енбесе?!
Үміт артып алға, артқа не керек,
Күпті жүрек ештемеге сенбесе?!
Керегі жоқ кеткенім де,
Келерім,
Қуармайды,
Суалмайды– көкөрім!…
Өмір деген– зауыттағы ауысым,
Тірлігінің төлеп жатқан төлемін.





Пікір жазу