О, Жасаған...
О, Жасаған,
біразырақ ғұмыр бер!
(Тілемсекке санамасын мұнымды ел).
Тұлпарымның тозып болса тұяғы,
Өлім итің,
бұралқы боп бүгін кел!
Әйтпесе Сен маңайыма жуыма,
Қандырайын сусынды өмір шуына.
Мұзтауымның көк сүңгідей көк мұзын
еріткенше,
бойда қаным, суыма!
Өзімді өзім өрге сүйреп, өлермен
Күндеріме қамшы салып келем мен.
Тірлігімнің терін сығып беретін,
Қарызым бар төленбеген,
төленген…
Қайтаратын қарымтасыз өлеңмен.
Дүниенің адамы да,
аңы азғын,
Тепкілейтін төмендетіп қаны аздың.
Бетегелі белде жортқан бөрідей,
Өлімен де,
тірімен де аразбын.
Қайда,
қайда таңым бастамақ?
Алаң көңіл арманына ашқарақ.
Қуаныш та, іреніш те,.. бақыт та
тірі жанның бақытынан басқарақ.
Жоқ секілді рахат та басқаша,
Күн кешемін қиялыммен астаса.
Тірідей-ақ көрге кіріп кетермін,
Шабыт мені біржолата тастаса.