Мінезім де қызық менің бір түрлі777
Мінезім де қызық менің бір түрлі,
Жүрегім де жағаласып жыртылды.
Көппен бірге көлеңкемді қосақтап,
Жайлауыма жеке жайдым жылқымды.
Мінезім де қызық менің бір түрлі,
Жанарыма мұң да тұнды,
нұр тұнды…
Ерегестің ескен кезде ескегін,
Ақыл артта,
Жүрек алға жұлқынды.
Мінезім де қызық менің бір түрлі,
Көрінгенге көрсетпедім күлкімді.
Меймананың болмайын деп мазағы,
Ауыстырдым ауық-ауық жұртымды.
Мінезім де қызық менің бір түрлі,
Қорқыныш жоқ,
Үркердей бар үркінді.
Үзілгенде үкілеген үмітім,
Күдік келіп құдығында іркілді.
Мінезім де қызық менің бір түрлі,
Жүрегімнің жайлауына бұлт ілді.
Көкіректің көк нөсерін қуалап,
Аспанымды аймалап кеп Күн түрді.
Содан шығар аумалы да төкпелі
Мінезіме көп кісілер өкпелі…
Жұрт түгілі,
өзіме де ұмтылып,
тепсінеді керзі етікпен тепкелі.
Жаратқанның жұмбағы да көп тегі…