03.06.2022
99
![](/uploads/shorttexts/author_image/7d7774e2181e870be937b7e7641bac62.jpg)
Жолаушы
Бұйрат – бұйрат бабамның даласында,
екiнтi мен ақшамның арасында
ат шалдырдым,
төбемнен Ай қарайды ,
құлағында аспанның тана – сырға.
Сүмбiледе қайтады күн ыстығы,
төсегiнде маужырап тыныш түнi.
Ай астында айнадай жалтырайды,
Сауырына шық тұрған күмiс қыры.
Ұйқылы – ояу мүлгидi маңғаз дала,
Сәресiсiн татқандай таңда азғана.
Бетегенiң шашынан сыйпалайды,
Салқын самал желпiнiп сәл наздана.
Осы ма әлде өмiрдiң бар қызығы,
/Жолаушылап жүретiн жалғыз ұлы?!/
Әлде қайдан,
алыста әупiлдейдi,
тыныштықты тербетiп байғұз үнi...