03.06.2022
  287


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Көңілімнің қошы жоқ...

Көңілімнің қошы жоқ...
Қалыс қалғам,
Бұлдырайды боз төбе
Шаң ұшқан маң...
Тауға шығып, етекке көз саламын,
Жақында ма,
Әлі де алыс па арман?!
Өкініш те жоқ менде өкінетін,
Өрт-жалынан жүрегім от ілетін...
Уызына жарымай жетім қозы,
Көктеменің көгімен жетілетін.
Сыртым күліп тұрса да, ішім жылап,
Күзде қайтып кетсе де құсым жырақ,
Ақша қармен ағартып көңілімді,
Қысқартамын қиялмен қысымды ұзақ.
Жағасына жалғанның жақын қалдым,
Сағаттарды санаулы тақымдар кім?
Періштесіз пенденің тірлігіне
Ұқсамайды тірлігі Ақындардың!
Шамырқанған шабытын тасыттырып,
Ғарышқа да қиялмен басып кіріп,
Әйгерімнің әнімен аралайды,
Тамұқтың да есігін ашып тұрып...
«Кемесіне келместің мінгенінде»,
Қара жердің қойнына кіргенінде,
Жас қабірдің үніне құлағың сал,
Айтары бар – аруақты мүрденің де!





Пікір жазу