ТҮСБЕЙНЕ
Күшке мініп,
Бүгін мені ойланттың түске кіріп.
Елік қыз есіне алып жүр ме екен деп,
Елең ете қалды бір іштегі үміт.
Шын қиналам,
Мұң сыйласа қара түн ылғи маған.
Түсімде кез болдың сен бақ ішінде,
Періштедей пейіште гүл жинаған.
Арай бердің,
Солайша жүрек атты сарайға ендің.
Сол түсте сеніменен бақты аралап,
Əр басқан қадамыңды санай бердім.
Тұрақтадық,
Сосын мынау əлемнен жырақ қалып.
Көзіңнің жасын сүртіп жапырақпен,
Сөйлейсің жүрегіңнен сыр ақтарып.
Хас сұлбалы,
Жан едің ақша бұлттың астындағы.
Құшаққа ал деп құлаққа сыбыр еттің,
Ақ білекті мойныма астың-дағы.
Айтар ед кім?
Мен сен үшін сол баққа райхан ектім.
Жымиып сол гүлімді жұлып алып,
Арманыңа асығып қайта кеттің...
Тал мен гүлге,
Қызықтың қызыл тағып сəндендің де,
Ғайып болдың.
Бақыттан айрылғандай,
Мен отырмын бозарып таңмен бірге.
Бекіністі,
Сезіммен бұза алмап ем оты күшті.
Жаныма шоқ тастаған осы түстің,
Өңге айналмағаны өкінішті.
Сүйкімді-ақ ең…
Соны ойлап мұң жамылдым күй тыңдап ем.
Жұмақтай жұмбақ маған əлі күнге,
Сенімен кездестірген сиқырлы əлем.
Бақтың іші...
Маған енді ол жыртылған хаттың ұшы.
Сен де солай жүректі жырымдап ең,
Қайтейін... Барлығы да Хақтың ісі...