СОЛ ҚАЛАДАН...
Көңіл-жетім, сезімім жесір қалған,
Жетілер деп сен жақтан жол қалағам.
Сол қалаға барып ем несін, Қарғам,
Несін, Қарғам, кетіп ем сол қаладан?
Содан бері... сор сатып алдым неше,
Мұңым жиі күледі, күлкім жылап.
Сол қалада қалыпты бал күн кеше,
Сорғалаған үміт көп бұл күн, бірақ.
Есіміңнің екпінін лүпіл етіп...
Ырымшыл да емес ед бұлай жүрек.
Нəзіктігін назыңа үкім етіп,
Сол қалада сен қалдың... Құдай білед!?
Ертеңгі бақ бола алмас елес бүгін,
Ел кешпеген кетуге аңыз құрап.
Бір жылдық жас арасы емес, Гүлім,
Бір күндік жол арасы маңыздырақ.
Көңілсіз өң көмулі күлкі ішінде,
(Бағы басым – расында басқа қала.)
Көп күрсініс өрілсе жыр пішінде,
Қауырсынды жазғанмын жасқа мала.
...Енді мені, елік қыз, есімді алған,
Жетелер ме сен жаққа жол қалаған.
...Сол қалаға барып ем несін, Қарғам,
Несін, Қарғам, кетіп ем сол қаладан?...