03.06.2022
111
Қыбырлайды
Қыбырлайды,
сыбырлайды желменен
қара қурай,
қара күзбен қуарған.
Өзегiнде тұрып қалған
көлденең,
бiр тамшы уыз
үрпегiнде суалған.
Күздiң соңы,
қыстың басы қыраулы,
шыныланды
айдынның «мұз- қаймағы».
Көкжиекке көлденеңдеп
күн ауды,
көлеңкелер бас көтердi
сайдағы.
Қурай басын
аппақ қырау қылаулап,
Самайында
шиырады ақ шашын.
Жанарынан
жас ағады бұлаулап,
Кiрпiгiне
мұздан моншақ таққасын.
Намазшам ба,
екiнтi ме, ымырт па...
Қара шекпен
сүйреткен күн артында.
Балапан боп
үлгермеген жұмыртқа
домаланып жатыр
суық қалпында.
Айсыз аспан,
ашық дала,
сұрғылт дым,
Айналаны
жалаңаштап тонаған.
Тiршiлiктi...
Жыршы үмiттi қылғып түн,
Обалының оқпанына ораған.