03.06.2022
  119


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өмір бойы жоқ іздеумен із кесіп....

Өмір бойы жоқ іздеумен із кесіп,
Дарынмен де, арынмен де жүздесіп.
Парасаттың пайымына бара алмай,
Еніп барам ашылғанда күзгі есік.
Ызғары да, мұз-қары да алдымнан
Соғатындай,
Қалтырайды жан-құрбан.
Суық торғай сүмірейіп бұтақта,
Сілкінеді жаңа жауған жаңбырдан.
Айналам да, айдалам да күп-күрең,
Дала бейне тозып біткен түк кілем.
Бұйдаланған боз күндерім жылдардың
Жетегінде кете барған құт, білем...
Сөгіледі көңілімнің көбесі,
Тарылғанда тірлігімнің өресі...
Алды мұнар,
Арты тұман жалғанның
Тақиясыз жалтырайды төбесі.
Жалаңаш тау, жылтыр жартас сұрланып,
Көлеңкесі көз жұмады ұрланып...
Шаруасы жоқ шайқалса да шалабы,
Өзен ағып, жел желеді бір қалып...
Жоқ іздеген жолаушымыз – бәріміз,
Салтанатты әніміз де сәніміз...
Тірлігіңнің таусылғанда талқаны,
Босағадан тосып алар кәрі күз.
Көктемеде құлпырады қайтадан,
Артымызға шашып кеткен дәніміз...





Пікір жазу