03.06.2022
148
Балауса көктем...
Балауса көктем,
Барқыт түн
Құшағында тыныштықтың
Мүлгиді,
Сары ала самал
Шалқып тым,
Бетегенің сауырында
Сырғиды...
Бақыттың буы
Бүркіп дым
Көңілімнің көк жусанын
Көпіртіп,
Жанары жылы
Жеңіл мұң
Ай нұрына шағылысып,
Жүрегіме жыр құйды.
Қаракөк аспан
Жұлдызы
Жымыңдаған езуінде
Күлкісі,
Қыраттың жоны
Жосылып,
Маңдайының жазылады
Қыртысы.
Тымық түн көзін
Байлайды.
Көрсоқырдың көлеңкесін
Көрмеуге,
Танадай таңның
Тынысы таулардан,
Бақша-баулардан
Сезіледі,
Көрінбейді түр-түсі.
«Құлаққа ұрған
танадай»,
Естілмейді шегірткенің
Шырылы,
Жұлдыздар жиі ағады,
Таусылғандай табиғаттың
Тынымы...
Саумалдай түннің
Сұлбасы
Тер сорғалап сауырынан
Тамшылап,
Балауса көктем,
Барқыт түн
Манаурайды
Тарқатылып бұрымы...