03.06.2022
105
Сарғайып атқан
Сарғайып атқан
Сары таң сағынышым ба?!
Жүрегім оттың
Жаланған жалын ұщында...
«Көкала үйрек» көлбейді
Көктем көгінде,
Жанартау жырдың
Жарқ еткен жарылысында.
Қап-қара түннің
Жанары жарқылдағанда
Мұң көрінеді
Шарпыған шағылысында.
Мұң көрінеді
Мұнардың мұнарасынан,
Жанардан жас тамады
Нұр арасынан.
Өліара шақтың өзегін
Өртке шалдырып,
Өкініш өксіп
Құлайды құламасынан...
Күншілдік кейпі
Көмескі көлеңкесінен
Сығалап тұрып,
Айласын қылаң асырған.
Ойсыз жалғанның
Ойыны ошарылмайды,
Келеңсіз көңіл
Көгінің қошы арылмайды.
Салқар көшімнің
Салтына сызат түссе де,
Қара қазанның
Күйесі қалың,
Ошағы майлы!
Тәңірдің тілегі
Тіл ұшында тулап,
«Барымта бақтың» баяны
Бос арындайды...
Күтемін Күнді,
Тосамын Айды...