03.06.2022
  98


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Бұл күнде ойын арзан...

«Бұл күнде ойын арзан,
күлкі қымбат»,
Тірлігің түрленген соң
түлкі бұлғақ.
Көңілдің күнгейіне
қыздырынып,
Құлындай құлдырайды
бұлқынып ап.
«Аузын ашса,
жүрегі көрінетін»,
Өзегінен өзен-жыр
төгілетін,
Абзалдардың
аңқасы аңқылдаған,
Өмірлері
өрімдей өрілетін.
Ойсыз өмір,
мақсатсыз
масаң қылық,
Шибөрідей
шулайды қашан да ұлып...
(салқын ғана
жымию жөні басқа)
Шын күлкіде болмайды
жасандылық!..
Самал болып
даланың гүлін өпкен,
Сағынышты сімірсең
Үріп еппен?!
Сағат тілін санамай,
Не жетеді,
Уысында уақыттың
Күліп өткен!?..
Сағынасың
сәттерді жымың еткен!..





Пікір жазу