03.06.2022
  177


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Көкке қадап көзімді

Көкке қадап көзімді
нені іздеймін?..
Жұлдызы да,
Айы да орынында.
Буырқанған
бурадай теңіздеймін,
Мөлдіреген
тамшысы толы мұңға.
Мәңгілік те,
Сәттік те егіз кей күн,
Оралатын
Қиялдың қорымында.
Топыраққа
Тамғанда кіндік қаным,
Сіңе берді
Туған жер тамырына...
Рухына уанып,
Нұрды ұрттадым, Тәу еттім де
Тәңірдің танымына.
Құлақ қойып
кімді ұқтым,
кімді ұқпадым?..
Көбелектей
ұмтылдым жарығына.
Тамызықты тұтатып таза мұңға,
Қуантайын
деп едім құлын күнді?!
«Алашыңды»
Алқынтып азабыңда,
Тумай жатып
тонадың тұғырлыңды...
Арын сатқан
Ашына базарында,
Түңілдірдің
Тірліктен тұлымдымды...
Түңілгеннен
тауысып төзімімді,
Көргім келген
Шығар-ау көктегіні?!
Шашыратпай сәулесін
өзі күлді,
Жасағанның
Жүрекке жетпеді үні...
Қиялым да
Қиналып көзін ілді,
Елестетіп
Ұлыған Көкбөріні!..





Пікір жазу