03.06.2022
137
Айсыз аспан...
Айсыз аспан,
Жұлдыздары жыпырлаған
Барқыт түн...
Сезімімді
сағым нұрға балқыттым.
Үркер үркіп
тас төбеге шыққанда
Қиялымды
қанатында қалқыттым.
Қиял, шіркін,
қазығында айналып,
тал-теректің
бұтағына байланып
қалған кезде,
ауылымның түтіні
қараңғылық құшағына
сіңе берді жайланып...
Сұлулықтың
сүгіретін қара түн
жұлдыздардың
жымыңымен салатын,
Қараңғылық
қойнауынан жылт етіп,
үміт оты
Жүрегімде жанатын.
Есте қалған
ескірген бір елес мұң
жаңғырады,
көмейінде көмескі үн...
Күрсінеді
Бабалардың моласы,
әр жағында домаланған дөңестің.
Таң ағарды,
Жұлдыз көктен жоғалды,
Күміс шықтар
Жауып қапты көкалды.
Қызыл шапан
киіп келе жатқан Күн
қызығымның
куәсіндей жоралғы?!