03.06.2022
  145


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өмiр үйретедi...

Өмiр үйретедi,
Тағдыр түлақтай сүйретедi,
Тiрлiк табаныңа шоқ басып
Билетедi,
Сөйтiп жүрiп
Көңiлден күй кетедi...
Ендi қанша үйренем,
Үлгi аламын,
өлең iздеп өмiрден,
жыр қарадым.
Желкесiне жетпiстiң шыққан кезде,
Көрсетем бе қылығын дүр баланың?!
Қашанғы мен үйренем,
Үлгi аламын.
Жапырақ жайып,
Қашанғы бүр жарамын?!
Батар күннiң оранып жалқынына,
Суаттаймын сусынын нұр – ғаламның.
Қалмағандай үйренер
Үлгi аларым,
Тұғырында тiрлiктiң тұлданамын.
Жариялап жапанға жiберер ем,
Жасырады дүние ұрлағанын.
Жынысында жылғаның жыны қалың,
Түтiнденiп кетедi тұнық әнiм.
Шаттығымды шапаққа шомылдарып,
Қолтығына кулықтың тығыламын.
Ендi үлгi алып,
Үйренiп қарық қылман,
(Отырамын куат ап жарық нұрдан)
үлгi алдым,
үйрендiм,
тiрлiк кұрдым,
емес өмiр,
әйтеуiр, тарықтырған.
Үлгi берiп,
Үйретiп үлгермеймiн,
Түрленбеймiн,
Бақшадай гүлденбеймiн!...
Қой күзетiп,
Қотанды қорығандай,
Ұйқым қанбай есiнеп жүргендеймiн...





Пікір жазу