03.06.2022
  134


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Өлең жазам...

Өлең жазам,
Өлеңiммен өзiм ғана сырласам,
Елең – алаң
Мұнар менен мұңдасам.
Не демейдi өлең, шiркiн,
Тыңдасаң,
Не демейдi шабыт, шiркiн,
Жырласаң?!
Өлең жазып,
Жұрт алдында жiгерленiп оқыдым,
Дабыл қағып
Тiрлiктегi тағдырымның тоқымын.
Қайталауы сияқтанып
Какадудай тотының,
Қасып жатты өз қотырын.
Жаза берем,
Шайқап iшiп шарабынан шабыттың,
Азалы өлең
Аунақшиды астауында табыттың.
Тыңдаушым жоқ,
Жаза– жаза жалықтым.
Жырлаушың боп,
Арманымның сыр тиегiн ағыттым.
Жыр жазамын
Тiрлiктегi жылауық та
Күлегеш,
Беймазаның
Бейiтiнде безек қағып жүр елес.
Көкiректiң
Түкпiрiнде бас көтерiп бiр егес
Тыпыршиды...
Ақтарылып айтар сөзiм бұл емес.
Сары сана,
Кепкен, көңiл бос бөшкедей қаңсыған,
Бәрi шала
Қақпас ақыл,
Ойнасшыл ой,
Қаншық ән...
Арыстардың ақ арманым
Топастары жаншыған,
Алыстан мұң ағарады
Жұмыртқадай аршыған.
Өлен жазам,
Малма мұңға малшыған...





Пікір жазу