03.06.2022
  120


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Бiрiң жоқсын өмiрде...

Бiрiң жоқсын өмiрде,
Бiрiң барсың,
Құлын-тайдай тебiскен құрбаларым.
Сәлемдеме – сағыныш жырым барсын,
Кiм тiзерлеп,
Бiлмеймiн кiм құларын?!
Сар самалдай сағыныш сарғайтқанда
Өздерiндi iздегiм кеп тұрады.
Өрiсiнен мамырлап мал қайтқанда
Құлпыратын көңiлдiң көк құрағы.
Күлкi қайда күмiстей сылдыраған,
Түрiнетiн балағын балалықтың.
Жылдар қайда жалынан нұр құлаған,
Тұратұғын тұғырда таранып күн.
Шүпiрлеген сары ауыз балапандар
Үрпек шашты үкiлi үрiдейiн.
Астасатын арманға ала таңдар,
Бiрi iлгерi жүгiрiп,
Бiрi кейiн.
Қара кемпiр,
Бұл күнде қара шалдар,
Дауыстасам дабылдай жетер ме үнiм?!
Насыбайға бiр атым жарасаңдар,
Мойындаман жалғанның бекерлiгiн.
Қалдығындай қозаның жылтыраймыз,
Самалға да сыйпалап сырғып өткен.
Жалаңаштап қалжыңды жұлқылаймыз,
Оралғандай ортаға сырлы көктем.
Сағыныштың саумалын сапырамын,
Салқындатып сезiмнiң сабасында.
Кәрi терек жайқалтып жапырағын,
Дамылдайды дауылсыз дара шыңда.
Бiрiң қоза бүгiнде,
Бiрiң шоқсың,
Көсеп қалса көздерi қызаратын.
Бiрiң барсын дүниеде,
Бiрiң жоқсың,
Қанша ғұмыр қалды алда ұзаратын?!





Пікір жазу