03.06.2022
  127


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Жұлдыз санап...

Жұлдыз санап,
Ай қарап,
Отырар кез келгендей,
Қылыш қанат қиялым қиясында өлген бе, ей?!
Бүретұғын бүркiттей бұла мiнез жастығым
Тағдырына тұсалмай,
Тұғырына төнгендей...
Шабытым да ақырдан қалғандайын
Жем көрмей,
Ер – тоқымым шашылып,
Қаптал қалған жөнделмей.
Ей өрлiктiң әкесi,
өзегiңе өрт түстi ме,
Жүрушi едiң тiрлiкте тiрi жанды теңгермей?!
Тұрмын қарап дүниеге терезенiң көзiнен,
Арамызды айырған шымылдықты сезiнем.
Балақ жүнi бұрқырап,
Шыбын жаны шырқырап,
Үйелеген ұяда қарт қыранға кезiгем.
Шемiршектей шүрппенi басар-баспас тұтанып
Кететұғын ақ мылтық,
Қалғандайын мұқалап?!
Ұңғысының үнiнен «Саңқ» ететiн дауысы
Қарлығыпты жұқарып...
Темiр – дағы, тас – тағы
Тозады екен мүжiлiп,
(Қыл бұраулы қыл арқан ол да қалар үзiлiп)
Сары желiн саумалдай күндiз – түнi сапырып,
Қорқытады күз ұлып.
Қорқыныштың қанжары
Қорқыратып бауыздап,
Жақсылықтар өлiптi.
Жалғаныңда жауыз қап.
Ақ тұманның iшiнде айғайлаған армандар
тұншығады,
Тұмшалап тiгiлген соң ауыз қап.
Жұлдыз санап,
Ай қарап отырмасаң,
Не қалды?
Кежегеңнен тартқылап
Кесiр келiп кек алды.
Қара жердiң қыртысын қара жаяу жел жыртып,
Берекесiн кетiрдi бетегелi көкалдың.
Жатыр жүрек жаралы,
Жаназасыз жерленбей,
Түскен көңiл еңсесi,
Жүретұғын терезесiн теңгермей.
Аспанда Ай жоқ,
Жұлдыз жоқ,
Көрдей соқыр қараңғы,
Төңкерiлiп дүние,
Өмiр өшiп өлгендей...
Өзiм ғана тiрiмiң!..





Пікір жазу