03.06.2022
  103


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Шиырып шалғы мұртты шынашағы...

Шиырып шалғы мұртты шынашағы,
Шұлғиды шырт түкiрiп мына шалың.
Шүкiрлiк шалғайына шалынады,
Құлдилап көкжиекке құласа күн.
Шүкiрлiк саясында саялайды,
Алланы алақанда аялайды.
Соғымның сересiндей семiз тiрлiк
Тоқтықтың тоят күнiн аямайды.
Құдайға шүкiр дейдi құлдық ұрып,
Тұрса да тiршiлiгi мың құбылып.
Сенiмге селкеу – сызат түсiрмейдi,
Жүрсе де қарлық үрiп, ұрлық ұлып.
Құдайдан сұрамайды артық асын,
(Шалқысын, көңiл шiркiн, шалқымасын)
Шүкiрлiк шәужайына сүйенедi,
Қанында қанағаттық салты басым.
Қызықпай дәулетiңе, байлағыңа,
Қызықтар өтер күн мен Айды мына.
Шапанын шүкiрлiктiң қайық қалып,
Жүзедi өмiр - өзен айдынында.
Жоққа да,
Қанағат қып барға-дағы,
Тамырда бүлкiлдейдi арда – қаны.
Шықпайды шүкiрлiктiң шеңберiнен,
Бұзбайды,
Бұзылмайды Ар – қамалы.
Құдайға шүкiр десе,
Тыңаяды,
Сабырдың сылдырамас шынаяғы.
Күпiрлiк кiрiп кетсе кеудесiне,
Шүкiрлiк сәбидейiн мұңаяды.





Пікір жазу