03.06.2022
125
Кейде жарық бұл жалған самаладай...
Кейде жарық бұл жалған самаладай,
Қараңғаны қаласың шамаламай.
Аппақ арман-арыңның алданышы,
Бақытың да көрiнер баданадай.
Енiп кете барасың Иран-баққа,
Сыбағадай сақтаған сыйды алмаққа.
Үмiтiңнiң үкiсiн үзiлдiрiп,
Асығасың жұмаққа жиналмаққа.
Шайқап iшкен тiрлiкте шалабыңды
Тауысқан соң,
Ашпайсың араныңды.
Түсiнбейсiң тағдырдың талқысына,
Қалмаған соң ақылың бала ғұрлы.
Дөңгеленген дүние дүрбелеңiн
Байқамайсың,
(ит болып үрмегенiң).
тақтан түсiп,
табытқа таңыласың,
болмаған соң бiреуге бiр керегiң
Жап-жарыққа көз алдың шелденедi,
Басылады көңiлдiң шөлдегенi.
Ақ тұманның адасып арасында,
Сезiлмейдi ұзыны, көлденеңi.
Жап-жарықтың ар жағы неменесi?..
Көрiнбейдi көлеңке кенересi...
Жұртта қалған жетiм ит ұлығанда
Перделенген пенденiң енер есi.