«Баламның шешесi»
Ана болу жазылған несiбiңде,
Тiрлiгiңнiң толады төсi гүлге.
Бақытты жоқ жалғанда сенен бетер,
Сәби күлiп жатқанда бесiгiнде.
Ақ сүтiңдi емiзiп асырадың,
Сәби күлсе,
шапақтай шашырадың.
«Бала – бақыт, бала - бал», деп жүргенде,
Байқамадың ағарған шашың ағын.
«Соқыр сезiм» соңынан ере бердiң,
(Ұл – қызыңды өзiңдей өрелер кiм?)
Жүрегiңнiң жылуын жамыратып,
Кеудесiне құясың немереңнiң.
Мейiрiм мол,
Пейiл кең,
Көңiл көктем!
Әр балаңның күлкiсi өңiңдi өпкен.
Қуанышы, шаттығы, мерекесi
Жарып шығып өзектi,
өмiрлi еткен...
Бұл не қылған махаббат таусылмайтын,
Қызғалдақтай құлпырып бау «сырлайтын!?»
Бұл не қылған көл көңiл,
Ыстық жүрек,
Қартайса да етегiн қаусырмайтын!?
Қыз қияға...
Қонса да ұл ұяға,
Ақыл есi ананың жиыла ма?!
Сақал шыққан ұлының қамын жейдi,
Тiрлiгiнiң тыйтығы тиыла ма!?
Жақын қалды барар жер ара қонып,
Жiбектей жан жұқарып барады оңып...
Алпыстағы ұл ананың жүрегiнде
Жата ма әлде алтыда бала болып?!
Жүре ме жан жалғанда тайғанамай,
Көмескi қалар кейде жайған арай,
Бұғанасы бекiген балаларын
Тыныш таппас сорлы ана аймаламай.
Тыныштықпен ендiгi сүр өмiрдi,
Көк майсаға төсе де кiлемiңдi...
Сақал шыққан ұлдарды ойлауменен
Ауыртасың қашанғы жүрегiңдi?!