03.06.2022
189
![](/uploads/shorttexts/author_image/7d7774e2181e870be937b7e7641bac62.jpg)
Жалғыз ағаш орман емес....
«Жалғыз ағаш орман емес,
Жалқы жаппа қорған емес.
Сар сағыммен сапырылған,
Төңірегім толған елес.
Дала мұңды…
Мен де мұңды,
Баса алмаймын шөлдерімді.
Көз ұшында көбіктенген
көп-көгілдір көл көрінді.
Құм шағылдың саласында,
Өмір-өлім таласында,
Жатқандаймын жан тәсілім,
Өң мен түстің арасында…
Шағырмақ күн жарқырайды,
Шағылда су сарқырайды.
Қандым… әлде қанбадым ба?!
Іші-баурым қалтырайды.
Айдын алға шақырады,
Сағым суды сапырады.
Көлеңкесін алып қашты,
Жетім жиде жапырағы.
Ұйқылы-ояу жатырмын ба,
Таң атып, күн батырдым ба?!
Шөке түскен шөл далада
адасқаны-ай ақылдың да!..»
Көзімді ашып… жылап алғам,
Дүние неге тына қалған!?
Бақ, сорымен, тақ, торымен,
Алдамшы екен мына жалған!..