03.06.2022
  132


Автор: Серік Ғабдуллаұлы

Поэзия, тұңғиық теңіз бе едің?.

Поэзия,
тұңғиық теңіз бе едің?..
Нені іздедім бойыңнан,
неге іздедім?!.
Көктеменің көкорай көңілімен
құлыншақтай сезімді емізгенің
есте қалды,
Ауылдың алабында
көрінеді көмескі көп іздерім.
Поэзия,
көктегі Жұлдыз ба едің?!
Түнде ояу,
тыныстар күндіз демің.
Ақындардың шабытын шарықтатып,
жылтылдайтын қылшығы құндыз көгім!..
Күміс Күн мен алтын Ай кірпігінен
сіркіреген сезім мен нұрды үзгемін.
Поэзия,
ақынның арғымағы,
тұмасында тұныған Ар бұлағы!
Күннің,
түннің,
гүлдердің шырынымен
бекітетін буынын бал құрағы.
Қанатында қиялдың қалықтаумен
Шоқжұлда шабытын шалдырады.
Поэзия,
еркесі Тәңірінің,
білдірмейді жастығын,
кәрілігін!
Сүйегінде сиқыры Сүлейменнің,
Әкесіндей Әлемнің әлі бүгін!..
Қай қиырда жүрсе де,
естіртеді
күркіреген аспандай кәнігі үнін.





Пікір жазу