03.06.2022
  147


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

АЛПЫС БЕСІК АҢЫЗЫ

Сіз менен басқа əңгіме сұрамаңыз,
Білерім алпыс бесік туралы аңыз.
Көз жасын көл ғып тұрып айтып берген,
Гансу мен Чиңхай барған ғұламамыз.
Ауған ел бір жанартау атылғанда,
Шашылған шартарапқа құлаған құз.
Жатыр дейтін Қоржынажы алқабында,
Бесікте жылаған ұл, жылаған қыз.
Бүгінгі ұрпақ солардың рухынан,
Нұр аламыз, өлмейтін жыр аламыз.
Қарсы боп Шың Шыцайдың 
езгісіне,
Тұтатқан күрес отын ел ішінде.
Риза бүгінгі ұрпақ
Ту ұстаған,
Есімхан, Ырысхандай ер ісіне.
Риза бүгінгі ұрпақ
Сүлейменге,
Бүркітбай, Сұлубайдай серісіне.
Жауының төбесіне жай ойнатып,
Шыдаған алысуға, өлісуге.
Сондағы іздегені еркіндік ед,
Құлындай байланбаған желісіне.
Шың Шыцай алдап-арбап торын жайып,
Шақырған талай рет келісімге.
Бірін көзде, біреуін көңілде ұстап,
Оранған қазақи қой терісіне.
Көлгірсіп күлгенменен күлбеттеніп,
Тұратын желі ылғи терісінде.
Шəріпқан, Мəнкей, Ақыт, Бұқаттарды,
Өлтірді мылтығымен жең ішінде.
Есімқан елін бастап бұрын ауған,
Тағы да жем болам деп сенімсізге.
Қайран ел қайырылып қош айтысты,
Өзен, тау, сары жұрты, өрісіне.
Іздеді бейғам өмір, бостандықты,
Өлмесек табылар деп жер үстінде.
2
Ауған ел баспана іздеп қайда бармақ,
Мал сойды аруаққа арнап, аллаға арнап.
«Алғанда жау жағадан, бөрі етектен»,
Аш-арық қалып жатыр жолда зарлап.
Əскері Шың Шыцайдың ізге түсіп,
Елшілер қайшалысты алдап-арбап.
«Ел болып бітісейік, кетпейміз» деп,
Сый-құрмет көрсетті ауыл оларға арнап.
Көбейіп атыс-шабыс жыл-жыл сайын,
Бейуазды қара күштер жатыр жалмап.
Жас аққан сақалынан қариялар:
«Дəл мұндай болмаған дейд құба қалмақ».
«Қайда барса Қорқыттың көрі» болса,
Ауғын ел қайтып қана уана алмақ?!
«Жерінен саяқ құрлы сая таппай»,
Ауған ел өтіп жатты шекара аттай.
Ит ұлып, бота боздап, бала жылап,
Халыққа мына келген алапатты-ай.
Қай жауыз саусағымен шұқыр екен,
Көздерін арулардың қарақаттай.
Қай жауыз шырылдатып сүйрер екен,
Толмаған жас баланы балағатқа-ай.
Қай жауыз қылышымен шауып өтті,
Ананың бетіндегі жарақатты-ай.
Бұтаға паналаған торғай ғұрлы
Болмадың-ау, қайран ел парасатты-ай.
Ел намысы қашанда ер намысы,
Сарбаздар ат үстінде аласатты-ай.
3
Ауған ел өткен кезде Гансу жаққа,
Қарлықдағ тауы тұрды қарсы жақта.
Енген соң күйсіз қонақ құшағына,
Мейірі жер ананың таусылмақ па.
Үйірлі қоңыр аңнан ен сап беріп,
Тигізді қолын етке, аузын аққа.
Ес жиып, ел бір-екі ай отырғанын,
«Тыныштық болды десті біздің баққа».
Шың Шыцай құрығынан құтылғанмен,
Мұнда да емес екен жау жырақта.
Əскері Ма Буфаңның қаптап келіп,
«Қашқын» деп қаратпады алдыға-артқа.
Оқ атып, бұлап-талады ауылдарды,
Сарғалжын толды өзені қанды жасқа.
Сардарлар өз жастығын ала жатты,
Шайқаста өлген жанның санын айтпа?!
Шың Шыцай Ма Буфаңға адам салып,
– Мекенге деген екен елім қайтса.
Бұл қырғын содан барып туылды деп,
Жөн болар арттағы елге көңіл айтса.
4
Ауған ел көшті тағы иенменен,
Ойы жоқ жауға басын ием деген.
Не зауал Шың Шыцайға, Ма Буфаңға,
Қазақты көзге шыққан сүйел көрген.
Жыландай иіріліп саясаты,
Жолына жатып алып сүйреңдеген.
Тағы өскен кер құландай қыр қазағы,
Ажал төніп тұрса да именбеген.
«Ағажай, Алтайдай жер қайда» деп
Жат жерде жылдардың бас шенінде
Чиңхайдың үстіртінде жел гулеген.
Ауған ел азып-тозып баспана іздеп,
Алтыншөге, Қоржынажы жерге келген.
Соңынан бір люй əскер қуып жетіп,
Ассалаумағалайкүм деп сəлем берген.
«Бəріміз дін мұсылман адамымыз,
Қарыстан жақын болар сүйем» деген.
«Елге ел, етекке жең қосылды ғой,
Біз міне баспанаң да иең» деген.
Серттесіп əр екі жақ құран ұстап,
Мұхамметтің ақ туын сүйем деген.
5
Елісқан енді білді алданғанын,
Байлауда қинап жатты арман жанын.
Оранған дін тонына дүңген əскер,
Əр үйде күзетіп тұр қалғандарын.
Атаман, сарбаздарды ұрып-соғып,
Тас қылып керегеге таңған бəрін.
Бұл жолғы ма фуфаңның қулығынан,
Тағы да құтылмады аңғал қауым.
Люйжаң мен пайжаңдарға шатыр тігіп,
Алдына қойып жатыр олжаларын.
Алтын мен қара жамбы, тайтұяқтар,
Ындынын жібітпеді сандалманың.
Қара люйжаң бұйырды бір шерікке:
«Қайда менің бұл жерден алған жарым.
Сұлу қыз, өңді əйелдің бəрін əкел,
Мауқын бассын əркім ап таңдағанын».
6
Қамалған жұрт қайтсын-ай, қайнап қаны,
Тістерін шықырлатып азаптанды.
Арулардың шыңғырған дауысынан,
Шықпай жаны бəрінің аз-ақ қалды.
Азаматтар ұран сап «Жəнібек» деп,
Үйді басқа көтеріп айбаттанды.
Байлаудағы арыстар тіл алысып,
Ақыл тауып соңғы рет қайраттанды.
Күзетшіні құлатып бір-бір ұрып,
Құрал менен сойылды сайлап та алды.
Елісқанның тоқалы осы сəтте,
Қасындағы люйжаңды жайратқан-ды.
Нəпсіқұмар əскери бастықтарға,
Наган аузын сол еді қаратқаны.
Бəрі дағы əйелге тұтқын болып,
Қол-аяғы қалтырап алақтады.
Атаманның əйелі күйеуінің,
Алданғанын бұл рет жаратпады.
7
Ауған елге бостандық қайда, сірə,
Көшті бұлар таң ата тауға асыға.
Көрші ауылды тізеге басып жатқан,
Сезбей қалды келгенін жау қасына.
Атыс үдеп, қып-қызыл жалын құсты,
Болмаған соң жағадан жармасуға.
Ер-əйелдер салт атты абырой ап,
Оқ боратты шығып ап тау басына.
Амал қанша, көш пенен алпыс бесік,
Түсіп кетті жаулардың олжасына.
«Бағынсаңдар балаңды өлтірмейміз» –
Деп шанышты сəбиді найза ұшына.
Шырылдаған сəбилер обалына,
Қарасын ба
Ананың көз жасына.
Баласы үшін жүгірген аналарды,
Ұстады ерлер қатер деп өз басыңа.
Талай ана, осыдан есалаң боп,
Кеткен десед дидарын жер жасыра.
Сəбилердің рухы ақ кептер боп,
Тербеледі бесіктер желге асыла.
Аналардың аруағы қорғап-қоршап,
Кетеді екен бұл маңнан таңды атыра.





Пікір жазу