АЛТАЙДЫҢ ТАУЫ ҚҰЛАП
«Алтайдың тауы құлап, дала қалды,
Елімнен кəрі кетіп, бала қалды».
Асқардың қазасында қаралы күй,
Күңіреніп қайталады қаралы əнді.
«Алтайдың тауы құлап дала қалды»,
Асар ма қара арғымақ қара жалды?
Айрылды тағы бір көшбасшыдан,
Қазақтың өлең көші қара нарлы.
Естіртіп Аралында3 жастық желін,
Көтерген көк кейкеңнен аттың белін.
Мəңгілік тыныштықта жатыр ақын,
Шығарып соңғы өлеңмен ақтық демін.
Басынан өткізсе де талай дүрмек,
Əкенің қазасына қалай төзбек?!
Көл болып Көбен отыр, біз де отырмыз,
Кеткен соң ақын ата Абайды іздеп.
Махаббат бен нұраға құшағы ұя,
Не деді ақын бақиға ұшарында.
Ақ батасын атаның алған келін,
Өсиетін айтсаңшы Гүлсания.
Пір тұтатын береке-бірлік десе ел,
Ақын өлді, өлеңге билік кесер.
Бара қалсам «кішкене тау» келді деп,
Əзілімен енді кім биіктетер?!
Өзен ғой деп өлеңді бір арналы,
Жолдас етті өзіне мың арманды.
Бұл пəниде Асекең сал боп өтті,
Қосарына ап проза, драманы.
Бір пендеге түсірмей көлеңкесін,
Сүйіп өтті отбасын, кең өлкесін.
Өкініші-ай, алдағы көрмей кетті,
Тоқсан жылдық торқалы мерекесін.
Тірлігінде атаққа бой ұрмаған,
Ақынын ел бүгін де мойындаған.
Тисе де орын құрбандар бақшасынан,
Ыстық депті Алағақ1 қойны маған.
Пайғамбардай мəртебе, даңқы биік,
Ақыны өлсе тартады халқы күйік.
Қайран Асқар,
тірлігінде мал жинамай,
Ұрпағы үшін кетті артқа алтын үйіп.