03.06.2022
  102


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ҚАЙРАН, БАЛАМ

Ақ көңіл, бауыр етім, Гүлжанатым,
Қапыда сындың семсер бір қанатым.
Ақ бата, адыра қал аусай кеткен,
Құрысын құлшылығым, мінəжəтім.
Жол ортада бастаған көшің қалды,
Жанарыңда бір үміт өшіп-жанды.
Отауың Отырардай ойрандалып,
Екі бірдей сəбиің жетім қалды.
Бас көтермей қайғыдан жарың қалды,
Отыз алты көктемің, жазың қалды.
Мектебіңде өтілмей сабақтарың,
Көзде бейнең, көңілде сазың қалды.
Əкеңде жарасы мол жүрек қалды,
Отағасы орныңа сүйеп барды.
Сен шықпадың əкелеп қарсы алдымнан,
Қайдасың, ақ сұңқарым жібек баулы?
Болды деп машинаның шырғалаңы,
Өлімің алаңдатты бір қаланы.
Бейуазым періштедей пəк едің ғой,
Таза деп ойладың ба бұл ғаламды.
Ақ пен қара бытысқан кезде мынау,
Байқұс балам, ажалға кез келдің-ау.
Өліміңе себепкер үшеуінің,
Опасыздық жасарын сезбедің-ау.
Бір күніңе зар болып жайраңдаған,
Жасын түскен жартастай ойран болам.
Қанды қол қашқын шофер сотталғанмен,
Тырнағыңа тати ма, қайран балам.
Аруағыңа дұға оқып түңілдірмей,
Бір биікке кетпеспін туыңды ілмей.
Зиратыңа зар жылап келіп тұрмыз,
Жұтап шыққан құланның үйіріндей.





Пікір жазу