03.06.2022
  143


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

БАҚ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

«Таудай талап болғанша тарыдай бақ» –
Деген сөзге тəнтіміз ауыл-аймақ.
Бақ болса егер аңыздағы алтын балық,
Су біткенге адамдар ауын жаймақ.
Ел сенеді қашанда еңселі іске,
Оған баға қажетсіз, оң, теріс пе.
Бақ келуі қайқайыс қиын десе,
Ал, қайтуын дейді оның еңкейісте.
Қаншама оны аңсадық таңдай қағып,
Шалдықты ма бақ, шіркін, шалғай барып.
Үйімізге ол қайыршы шал боп кіріп,
Ренжітіп алдықпа танымай қалып.
Мейір қандай сынайын мына жұртта,
Топыраққа тоймайтын жылан құрт па?
Деп көшеде тұрғанда мүгедек боп,
Садақаға сарқұлақ қимадық па?
Аңқау мінез өшігіп адалдыққа,
Жасырынып жамандық қонады ыққа.
Бір көпеске айналған бағымызды,
Қалтарыста кім білсін тонадық па?
Бақ жасанып бола қап сылқым жігіт,
Отырғанда өнердің кілтін біліп.
Арақкештеу, күншілдеу біреуіміз,
Жағасынан алдық па қылқындырып?
Аң ба əлде, құс па əлде күміс қанат,
Құбылысқа болып жүр түйсікте ағат.
Қыли қыздың кейпінде келген баққа,
Қыңыр сөйлеп алдықпа, қисық қарап?
Бақ дарыса тимейді атқан оқ та,
Бақ жеткізбес ұмтылсаң шапқан атқа.
Қонар бақты көрші үйге,
Жолдан тосып,
Бұрып жібермедік пе басқа жаққа?
Ұлы өзен жаңылмас ағыстан көп,
Ер өледі қашанда намыстан деп.
Жүрсек-дағы біреудің еңбегі еш,
Ал, біреулер жүреді тағы үстем боп.
Дос-жарандар,
қол-аяқ, дауысың барда,
Еңбек өтеп шығайық тау-шыңдарға.
Бақ біткенді жағымпаз, жылпостар ап,
Құралақан қалғаннан саусыңдар ма.





Пікір жазу