03.06.2022
  152


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

ШОПАН ҚЫЗ

Шашқандай сап иісмай,
Сары қидың иісін-ай.
Айналайын шопан қыз,
Аман-есен жүрсің бе-ай.
Жазда теріп бүлдірген,
Қыс отармен бір жүрген.
Арманның ақ тотысы,
Қадіріңді кім білген.
Ақ бұрқақта қайнаған,
Ат құлағында ойнаған.
Қасқыр соғып қарсыдан,
Қой өргізген қойнаудан.
Бейнетқұмар асыл жан,
Жаралған ақ шашудан.
Қайда барсаң, қарағым,
Жұт жүрмейді қасыңнан.
Қарда өскен қарғалдақ,
Тұрад көктемді армандап.
Алтайы қызыл түлкідей,
Көз сүріндір қарға аунап.





Пікір жазу