03.06.2022
  103


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

КҮНГЕЙ ДЕСЕ КҮНГЕЙ ЕДІҢ

Алтайдың бір шыңы едің күн шалатын,
Төсінен алтын қазып, құм шаятын.
Мүшелі тойыңызда, қайран Күке,
Жайым жоқ аруағыңа мұң шағатын.
Көтеріп иығымды жасып жүрсем,
Мақтаушы ең бір өлеңнің басын білсем.
Такаппар өр Алтайдың ақиығы,
Тау өзені сияқты тасығыш ең.
Жүруші ең елге еркелеп еркіндеп-ақ,
Алаулап тұрушы еді көркің де абақ.
Дүние-ай, Күнгей десе күнгей едің,
Қазақтың ұлы десе дейтіндей-ақ.
Емес ең, оңай адам, осал адам,
Тұлға едің ешкімге де ұқсамаған.
Шабыттың көкперісі көк езулеп,
Шықпайтын ұран салып босағаңнан.
Өтіп ең талай-талай тажал қыстан,
Кезің де шұғылалы арай құшқан.
Іздеп ең алтын сақа Ер Төстіктей,
Жолыңда жолыққаны-ай ажал мыстан.
Айбатты ең арыстандай, жаның сырлы,
Білмейтін тəлімсуді, жағымсуды.
Өзіңдей əкелерді көргенінде,
Кішкене Шолпаныңның сағы сынды.
Қолыңды байласа да кесір заман,
Сүйредің прозаның көшін аман.
Жайраңдап ортамызда жүрген болсаң,
Əлі де жазар едің неше роман.
Ойпырым-ой, қара сөздің қайығы едің,
Халқыңның қазынасы, байлығы едің.
Тəнті боп жатады əлі сөзіңізге,
Өр Алтай, көркем Іле, Жайырда елің.





Пікір жазу