03.06.2022
  164


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

НАСЫБАЙШЫ ЖƏНЕ ҚЫЗЫЛША

Ауылда бар еді бір насыбайшы,
Деп менен сұрамаңыз «аты қайсы».
Атқанда қалампырлап насыбайды,
Қартымның түсетұғын асығы алшы.
Жарықтық, қадірменді жақсы-ақ адам,
Пəлен деп болмас кінə тақсақ оған.
Жасында екі əйел ап тастаса да,
Бір ғана насыбайын тастамаған.
Насыбай, насыбай – деп, барды əзірлеп,
Шақшасын толтыратын шар дəрілеп.
«Күлін жеп қызылшаның күнеліткен» – деп,
Тұрғылас жүретұғын шалдар күндеп.
Байлап ол, қанжығаға қызылшаны,
Алтайдың жайлаймын деп құзын шалды.
Құбының құмдарына қой отарлап,
Қайтатын келген кезде «ұзынсары».
Жаз болса қымыз ішіп, тоқты жейтін,
Насыбайшы оған кеп көп түнейтін.
Шал екең арқар мүйіз шақша ұсынып,
Қонағына: атыңдар, тəтті дейтін.
Жатқанда жайылым заңы үгіттеліп,
Жатыр – деп, – дала неге түбіттеліп?
Қорғайық қызылшаны деген де осы,
Басшының жанарынан үміт көріп.
«Қарт сөзі бəрімізге ой салады,
Тауымыз бары менен бойшаң əлі»
Деп жиналған көпшілік нұсқай берген,
Түлен түрткен секілді сай-саланы.
Тартып сонда қартымыз ішке демін,
Деген тағы:
«Насыбай иіскегенім.
Бірақта мен бүрін ап қызылшаның,
Тамырына ешқашан тиіспегенмін».
Ілайым, қалмасын – деп жұтап іргем,
Түсіне кіретұғын бұта, бүрген.
Қартым-ай, қасиетіңнен айналайын,
Жершалып ақбоз атпен, із сап жүрген.
Байлық пен символындай мұратыңның,
Аман ба қызылшасы қыратыңның?
Насыбай ашуды тез басар болса,
Маған да атқызшы ата, бір атымын.





Пікір жазу