БҮГІН МЕН ЕРТЕҢ
Қыстан аман, қыстаудан шығарда елім,
Тілеу жасап тағы бір буар белін.
Сарыала қаз сазына жалғыз қонды,
Мен де бүгін наурызға сыңар келдім.
Көктем келді көйлекшең ала қызып,
Қыстың соққан қамалын дара бұзып.
Өзен жатыр көксоқта көбік шашып,
Дала жатыр езуден май ағызып.
Біз халықпыз ежелден барға бейім,
Жоқшылықты аузыңа алма деймін.
Көшпелі алтын секілді бұл дүние,
Сағымына алданып қалма кейін.
Табысы бар өзіндік, намысы бар,
Болған емес қазақта қайыршылар.
Бір саулығы малшының егіз тапса,
Даламыздың бір шөбі айыр шығар.
Ата қазақ көтерген мəртебесін,
«Бірлік түбі – тірлік» арта берсін.
Қырмызыдай қызымыз қылықсыз боп,
Үйдей пəле ұлымыз əкелмесін.
Өткен күннің күнде естіп ертегісін,
Біліп жүрміз езін де, еңселісін.
Қарадан да, ханнан да тарих шал,
Есеп алар бүгін мен ертең үшін