03.06.2022
  88


Автор: Бəйтік Дүйсебаев

Бөлтірік

Ұстап алып қасқырдың бөлтірігін,
Отыр екен бір барсам бөртіп інім.
Арлан соққан аңшыдай арсалаңдап,
Қосып-қосып қояды өтірігін.
Туыстың бұл қылығын құп алмадым,
Жығылғандай боп кетті құлан жалым.
Көк бөріге табынған қазақ едік,
Білмесек те оншалық құран жағын.
Бұған дəлел жатпайын келтіріп көп,
Феодалды болдың деп сен тірілтпек.
Желөкпелер күреске талай тартқан,
«Тауға қарап ұлыған бөлтірік» деп.
Інім, саған болмады-ау, шынымды айтпай,
Сен мінгізген көрейін бір құр аттай.
Тілімді алсаң қоя бер андағыны,
Тауға қарап ұлытпай,
ырылдатпай.





Пікір жазу