03.06.2022
  204


Автор: Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ

ЖАЗҒЫ ЭЛЕГИЯ

Гүлдер-ау, жаз жұбатқан жаныңды ертең,
Мұңайтып үлгерер Күз.
Бояуы оңған тірлікті кешпегенше,
Біз де оны білмегенбіз.



Күрмеуін шеше алмадым ғұмырымның,
Байланған бір адамға.
Менің осы хәлім де жеткілікті,
Өзгелер кінәлауға.

Ол дағы ештеңе етпес... Ой шаршатып,
Қайтармын бақтан жалғыз.
Сіз мен үшін ешкімнің ешқашанда,
Алдында ақталмаңыз.

Ұмыттырар уақыт сөз қылғанын,
Ертең-ақ кімнің, нені.
Қайыры осы десе Құдайдың да,
Бар шығар бір білгені.

Өзгергім келген сайын неге осылай,
Алдайды мені сенім?!
Сізді жақсы көрмеуден басқасының,
бәрімен келісемін.


 





Пікір жазу