03.06.2022
  237


Автор: Айжан ТАБАРАКҚЫЗЫ

СІЗГЕ

Бір көруге қандай амал табамын,
Бір көруге зәру Сізді жанарым...
Менің ішкі сезімімдей аспан да,
Ашпай қойды-ау қабағын...



Енді ешкімді жылатпаймын деген ем,
Енді ешкімді ұнатпаймын демегем.
...Сіз бақытты ғұмыр кешу үшін де
Мен бәріне көнер ем...



Сізді көрмей қалай жазғам ғазалды,
Сізді көріп жан дүнием тазарды.
Бір ұққаным - Сізді ұнату арқылы,
Жақсы көріп кеттім барша адамды.



Бұрын Өмір бұлай десе сенбес ем..

(Тағдырыңа кетпесінші енді есең)
Жанарыңды жарыңнан да қажыған.
Көрмесем ғой, Көрмесем...



Жүрегімді шын бақытты қылатын,

Маңдайымның күтпеймін еш мұратын.
Мендегі тек бейкүнә бір сезім ғой -
Өз ішінен тынатын.



Өз-өзімді келер күнге сендірем,
Енді бәрін Сабырыма жеңдірем.
Қоңыр жел-ау, сүртпей-ақ қой жасымды,
Жыламаймын енді мен.. 




Пікір жазу