03.06.2022
  191


Автор: Саян ЕСЖАН

АЗАТ ҒАСЫР – АЗАТ ЖЫР

Армысың, Тəуелсіз Ғасырым,
Армысың, Тəуелсіз Уақыт!..
Қош келдің, Еркіндік – «ғашығым»,
Қош келдің, мұңымды уатып!..
Бабамның тілегі Сен едің –
Киесі киелі даламның.
Кəусардай мөп-мөлдір Өлеңім,
Ұшында оянған қаламның.
Қаламның оянған ұшында
Жазмыштың қастерлі «жазуы»!
Бағзы бір ғасырлар тұсында
Ар сіңген қасиет қазығы...
Көзімде бұлдырап Өткенім,
Сөзіммен нұрланған Бүгін Күн...
Қош келдің, тəуелсіз Көктемім,
Бостандық, мен сенің ұлыңмын!
Күй болып өрекпіп шаттығым,
Арманым асаудай алқынған.
 Тəңірдің бақ-құты – Ақ Нұрым,
Тəңірдің сыйысың тартылған.
Сен мəңгі тірісің, жарығым,
Сен мəңгі үнісің сертімнің.
Мен мəңгі Далалық тағымын,
Асылым, мен мəңгі Еркінмін!
...Дəл солай, тəуелсіз Ғасырым,
Дəл солай тəуелсіз Уақыт.
Сыр бүккен құпия «тас» үнім,
Тұр əне, зарымды жұбатып.
Кешегі кералаң уақытта –
Біресе табылып, жоғалдым.
...Ордасы орнаған Бақыттан –
Мен енді Қазақ боп оралдым.





Пікір жазу