АРУ…
(Эллегия елесі)
Мен сені іздеген едім,
Бірақ, бұл өмірден емес…
Көңлімді теуіп көрінген елес,
О дүниелік ойымнан,
Қорқатын едім, өлімнен емес,
Өмірде қалып қоюдан.
Қарашығымнан қаңғып аттандым,
Кірпік кебінге оранбай.
Мəңгі ұйқымнан да сандырақтармын,
Көрімнен сені көре алмай…
Айнаңа күндіз айым түнейді
Көлеңкең болып көкте ерген.
Құшағын жайып қайыр тілейді,
Көргенсіз гүлің көктемнен.
Салдақы сезім, мұң арасынан
Күнəһар таңын атырды.
Махаббатымның мұнарасынан,
Қызғаныш азан шақырды.
Бұтақ бұрымын жауындар тарап,
Сорғалады уы сағыныштың.
Жаяу арманмен жаныңды арқалап,
Қанаттарыма шалыныстым.
Созылып жатыр, соңғы із сұрақтай
Сен жаққа сеңдей сенделдім.
Қасіретіңді жалғызсыратпай,
Қасыңа мен де жерлендім…
Сағынышымды сезінген елес!
Мен саған қалдым сенуден…
Қорқамын енді, өлімнен емес –
Өмірге қайтып келуден.
Сенімен кездесу үшін…