03.06.2022
  193


Автор: Жанат Жаңқашұлы

О, менің əз бабам....

О, менің əз бабам,
Алаш аман алауларда маздаған.
Қанатымды қарып талай от құшақ,
Құлап кете жаздағам.
Көкірегім қарс айрылды күрсініп,
Көріңнен сен ұшып тұрдың түршігіп.
Ару ғана аялайтын арқамнан,
Осып өтті бір шыбық.
Түсім екен,
Түрімді көр шошыған,
Қос іргемнен қосылғанда қос ылаң.
Ортасында аждаһа мен аюдың,
Жолым таппай тосылам.
52
53
Ояна алмай,
Қара терге малынып,
Еңірегем бабам саған жалынып.
Аждаһа мен аюыңа Алашым,
Кететіндей құрбандыққа шалынып.
Естен кетпей бұлдырайды бір күндер,
Қиқулаған қырғындар мен сүргіндер.
Аждаһаны жылан кезде байқамай,
Қалай қамсыз жүрдіңдер?
О, менің əз бабам,
Алаш аман алауларда маздаған.
Аю менің тіл, діліме жерік боп,
Жүрегімді жалмап ала жаздаған.
Көк етімнің сөгіп талай көбесін,
Өз көзіммен көрдім оның өңешін.
Аюыңды қонжық болған кезінде,
Неге ойып тастамадың төбесін?
Бұл не өзі?
Өңім бе əлде түсім бе?
Бабалардан қалған балбал мүсінге
Қайрап алып азуымды қайтадан,
Келе жатам, ақ тұманның ішінде.





Пікір жазу