Төбет
Ұлтымды ұжданынан бөлектеген
Ойды жұрт білместікке көп ептеген.
Сапарбай Исраил жазбасында
Бір сөз бар «ит азғыны – төбет» деген.
Жарандар, таласпайық Жаратқанмен!
Азғын ит – төбет емес, барақ, қанден!..
Әй, бірақ, болып тұр ғой ұлтын таныр
Ұрпаққа берілетін сабақ та кем!
Қазағым артық сөзді жеккөреді,
Десеңіз «итің жаман», кектенеді.
Өйткені бабын жасап уақытылы,
Төбетке тұзсыз таза ет береді.
Қарғыны күшік кезден тақпай мына
Қойғанға күзетіңнен бақ тайды ма?!.
Шыңдайды жекпе-жекке,
Итаяғын
Көкжалдың терісімен қаптайды да.
Нөсер жыр, ақ жауынша құр себелер
деңгейді өз артына бір шегерер.
Тамшыдай шумақтармен там-тұмдайын,
Төбеттің үш түрі бар, білсең егер!
Таутөбет – ең ірі ит, жұмыр мүсін,
Жаралған қыста тыста жүру үшін.
Үйшікті пана тұтпай, сары аязда
Қар, мұзға жататұғын мығымды шын.
Кеуделі, арыстан бас анық бұлар,
Жауына саусақтай тіс қауіп қылар.
Езуі салақтаған, келте тұмсық,
Бас жүні бетін түгел жауып тұрар.
Ысытса қалың түбіт от денені,
Кейбірі сәл тықырлау боп келеді.
Қабанның қылшығындай жуан түктер
Жалтылдап,
Көрінеді мықты кебі.
Маңтөбет – қасқыр алар нағыз батыр!
Сырттан ғой!
Өн бойында аңыз жатыр.
Далада түні бойы мал күзетер,
Адамға адал болар маңызға құл.
Бабамыз төмен қойып қораш ұлын,
Ерекше қастерлеген сол асылын.
(Жағдайда ол иесі қайтыс болған,
Басында қайғырады моласының).
Бәйтөбет – тықыр жүнді, жазық маңдай,
Таласқа пешенесі жазылғандай.
Шап, алқым, құлаққа кеп қарысқанда,
Құтылар қарсылас бар аузынан қай?!.
Жасынан мал, табиғат, аңға құмар,
Қазақы төбет сынын шалдар ұғар:
Сом тұрқы болса сексен сантиметр,
Сондайлық тартатұғын салмағы бар.
Жонына күдірейген нығыз біткен
Бас сүйек бітімі де тығыз тіптен!
Тікбұрыш пішіндегі дәу тұмсықпен
Дем тартса, сынды оған сыбызғы тең.
Жаратқан арқасын сәл қайқы қыпты,
Салмаққа шоқпар аяқ сай тұрыпты.
Үстіңгі ерні қалың, иек – жалпақ,
Бедері жақ сүйектің айқын, мықты.
Жылтырай сығалаған «дорба бастан»,
Көздерге дөңес қабақ – қорған асқан.
Қатпарлы бас теріден үшбұрыш боп,
Қос құлақ төменірек орналасқан.
Деңгейлес қарны кеуде тұсыменен,
Аңғартар оның өзі мысын ерен.
Өзегі тері асты клетканың
Жыртқыштың жол бермейді тісіне кең.
Түбіті қошқар жүндес үлбіреп бір,
Бұғақты мойын еті күлдіреп тұр.
Салғанда басын төмен,
Қаһарлы түр
Қасқырды қаймықтырар дір-дір еткір.
Шығыңқы сауыры да сілемденген,
Жамбасы тұтасыпты білеу белмен.
Серпінді арқасы мен биік шоқтық...
Бәрімен үйлесіп тұр түнерген рең.
Болса да табиғаты, заты басқа,
Болмысын танымасаң, жақындаспа!
Өзінің тең ұстайды дәрежесін,
Адаммен еркін, адал қатынаста.
Бекерге шабаланып үре бермей,
Күзетте ұстанады бірегей күй.
Қалыпты психика бұзылмаса,
Таласпас өлімші боп дүрегейдей.
«Төбет» деп барағымен мақтанбақ паң
Табылса, біз жасаймыз нақпа-нақ қам:
«Төрт көз ит» дерлік қастың белгісі мен
Көбіне көз астына ақтаңдақ тән.
Қасиет ит геніне дара қонса,
Дәлелге әсер етпес жалаң онша.
Түсі – сұр, қара, қоңыр, сарғыш, қызыл.
Ол – нағыз төбет емес, ала болса!
Өзге қан араласқан, ала-құла
Иттерді зерттегенсіп шалапыла,
Төбетті теліп қойды өңкей дүмше,
«Азия овчаркасы» санатына!
Жүргендей бар шындықты жасырғалы,
Тарихты бүркемелеу – басынғаны!..
Әйтпесе, жазып кеткен Марко Поло,
Қазақты он үшінші ғасырдағы.
Көшпелі кезімізді суреттеген,
«Осылай ғажап өмір сүрмек» деген.
Төбетке «тайыншадай» деп тамсанса,
Өлгенше таңдайдан сол сыр кетпеген.