03.06.2022
  144


Автор: Еркеғали Бейсенов

Тазы

 


 


Бабалықұлы Жағда – абыз қартым,


Қыран мен білген жақсы тазы парқын.


Көбіне тазы тегін зерделеді,


«Атасы – салюки» деп жазылатын.


 


Салюки – араб иті, «желден жүйрік»,


Шейхтар сәнді төрін берген үй қып.


Тазыдан айырмасы – жүндес аяқ,


Бауыр мен қалың түк боп келген құйрық.


 


Әдетке айналғандай әлді күйттеу,


Бойы да біздің иттен сәл биіктеу.


Жөн емес Жағда қарттың пікірінше,


«Тазыға ата болар әйгілі ит» деу!


 


Тегі – бір.


Аталас жай.


Шара қандай?!


Зерттеуге ғалымымыз жараған қай?!


Салюки, тазы болып жіктеліп тек,


Перғауын кезеңінен тарағандай...


 


Тазыңды, жұртым, дұрыс бағалашы!


Асыл тек, таза нәсіл – баламасы.


Сол иттің арқасында киімі мен


Табылған ертеректе қазақ асы.


 


Әр тәсіл ыңғайымен аулап аңды


Жүргенде,


Сырт көз оған таңданады.


Әп-сәтте бұрап тастап түлкі мойнын,


Талайын қанжығаның қандаған-ды.


 


Кәнігі тазы солай ұстағанда,


Күшік ит болады жай құштар аңға.


Тырысар тәжірибе жоқтығынан


Тұмсық, жон, бел жағына тіс қадауға.


 


Кез келген жерден қарпып қояныңды,


Қылжита салуға тез бой алдырды.


Қасқырмен арпалысар сәт туғанда,


Сырттандар өзін биік қоя білді.


 


Қуып жеткен мезетте бас салмайды,


Келуін иесінің астарлайды.


Ыза қып, шаптан тартар қайта-қайта,


Жау одан күтпес үшін басқа жайды.


 


Көргенде иесін ит жақын маңнан,


Ауызға бұйырады алқым аңнан.


Қасқыр да оңайлықпен беріспейді,


Дәм татып қалыптасқан салты қаннан.


 


Тазының сірі неткен жаны ғажап?!


Еріксіз тыпырлатар жауын азап.


Тірсегін қиып түсіп, шаптан іреу


Әдісін пайдаланбау – қанына жат.


 


Сыр тартсақ жаратылыс тұрғысынан,


Жылмағай, өте пысық тумысынан.


Аулауға кетіп қалар аңды жалғыз,


Шағында табан мен тіс бір қышыған.


 


Жоқ онда тән қылықтар дүрегейге,


Қаппайды.


Үрмейді де дүлейлене!..


Өскен ит бір тұқымнан


Алты жылда


Үш буын әкеледі дүниеге.


 


Шалғы тіс, құмыра бас...


Белін ана


Бүгілте ұмтылғанда, ебі – дара.


Биіктік – алпыс-жетпіс сантиметр,


Салмағы жиырма бес келі ғана.


 


Тигендей аңшылықтың лезде себі,


Екі пұт арланы да кездеседі.


Жамбас пен жауырын ет бұлт-бұлт ойнап,


«Беу!» детсін бөтегедей кеуде сені!


 


Ашқанда қырым етті жағы майдан,


Қайтпайды арпалыста бабы райдан.


Кеңсірік – сәл дөңестеу, сүйір тұмсық,


Қиығы қысыңқы көз бадырайған.


 


Әсершіл әлеуметті еліткен кей,


Үкі жүн, құлын мойын, елік көмей.


Шашақты жұқа құлақ салпаңдап тұр,


Сіңірлі аяқтары серіппедей.


 


Қылыштай шашақ құйрық қайқы біткен,


Тұлғасын түзу арқа айқын еткен.


Жаратқан, мына жалпақ төрт табанды


Тас тілер тырнақтарға сай қылып па ең?!


 


Шымыр ет бұл тұқымға шарт па, қалай?


Садақша бүгілісе тартқандары-ай!


Екі сан алынғандай құралайдан,


Жіліншік шалқақтау тұр артқа қарай.


 


Сақтаса таза генін қызыл қаны,


Сияқты қазынамыз Қызыр бағы.


Түсі – ақ, қара, сарғыш, қызылқоңыр.


Ала да, теңбілі де – бұзылғаны!


 


Бұлтартпай түлкідей қу, арам аңды,


Қояннан ең жүйріктік шама қалды.


Бірін айт, бәрін айт та,


Тазы шіркін,


Қабысқан қарнымен-ақ дараланды. 





Пікір жазу