АЛАТАУДАН ҚАЙТАР ЖОЛ
Алатау тұрмын сенің етегіңде,
Желіктірген жеті ойдың жетегінде.
Бұлттарды сəлем қылып басыңдағы,
Арқаға алып қайтам кетерімде.
Шыңдарыңа тұрмайды көз қадалмай,
Ыстықсың маған менің боз даламдай.
Арқаның арқасына мініп алған,
Ақсораң осы сенің өз балаңдай.
Алатау – кең даланың қарт əмірі,
Қазақтың сенде жатыр қан-тамыры.
Қар жауып қабағынан хан көзімен,
Қарайды неге сонша Хан тəңірі?
Алатау – ақ сақалды ақ қария,
Жар-құзды тізіп тұрсың сапқа жия.
Құс емес, өлең-жырдың ордасындай,
Шыңыңда шалқасынан жатқан ұя.
Алатау – абыз шалсың атан мінер,
Жіберген саған мені қаhарлы бел.
Ардақтап ақ басыңды келіп едім,
Ал енді қайтар жолда батаңды бер.
Қоштасып бір қарадым кетерімде,
Желіктірген жеті ойдың жетегінде.
Алайда, шапаныңның шетін ұстап,
Арманым қалып барад етегіңде...